ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ
Партиямыз бен Совет үкіметі шаруашылықтың және мәдениеттің барлық саласында халқы үшін адал ниетімен қызмет істей алатын ұлт кадрларын тәрбиелеп өсірді. Олар қазақ халқының экономикасы мен мәдениетін дамытын, алға бастыруда аса тамаша, зор мақтаныш сезіммен айтарлықтай еңбектер істеп отыр.
Біздің партиямыз тәрбиелеп өсірген адамның бірі, халқымыздың мақтанышы, тұңғыш академигіміз — Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Қаныш өзінің барлық саналы өмірін қазақ халқының экономикасы мен мәдениетінің, ғылымының өркендеп өсуіне арнап, осы жолда аса тамаша тарихи мәні бар істер жасады. Сондықтан, оны қазақ халқы өзінің мақтанышы деп біледі.
Қазақ халқының Шоқан, Ыбырай, Абайлар арқылы айтылған өткендегі арман ойының советтік дәуірде жүзеге асуы жөнінде ерлік істер жасаған адамның бірі — Қаныш Сәтбаев. Ол өзінен бұрынғы Шоқан, Ыбырай, Абай секілді дана адамдардың өсиетін еске ала отырып, халық мүддесін іске асыруды ойлап, орыстың ғылымын үйренуге, сол арқылы халқына шат өмірдің нұрын шашуға бел байлады. Бұл үшін ол орыс мектебіне түсіп оқиды.
Тұла бойын талант кернеген, жүрегін халыққа қызмет ету ардақты міндет деген сезім билеген Қаныш орысша оқып, білім алады, болашағына көз жібереді. Халқына қызмет ету үшін білім керектігін сезген Қаныш 1921 жылы Томск қаласындағы технология институтына оқуға түседі де оны 1926 жылы бітіріп шығады.
Жоғары дәрежелі білім алған жас инженер барлық ынта-жігерін, күш-қуатын, білімін халыққа қызмет етуге арнайды.
«Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та бар қалан» —
деп, Абай айтқандай жас инженер Қаныш жоғары оқуды бітіргеннен кейін халқы үшін қызмет етуге кіріседі.
Ұлы Отан соғысы кезінде СССР Ғылым академиясының
Қаныш бастаған Қазақстандық филиалы, оның ғалымдары барлық күш-қуатын совет халқының қас дұшпаны — неміс басқыншыларын талқандап жеңу ісіне жұмсайды. Соғыс жағдайының ауыртпалығына қарамастан, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстары дамып өркендей береді. Ғылыми қызметкерлер Қазақстанда зерттеу жұмысын күшейте отырып, жаңадан әлде нешелеген кен байлықтарын ашады. Ол еліміздің күш-қуатын, экономикасын өркендетуге, сөйтіп, жауды талқандау ісіне жәрдемдеседі.
Соғыстан кейінгі жылдары ғылымның табыстарын халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру және оны өркендете беру ісіне Қаныш көптеген еңбек сіңіреді, оған басшылық етеді.
Мұнымен қатар Қазақстан компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ ССР үкіметінің республикада ғылымды дамыта беру жөнінде күнбе-күн көрсеткен басшылық жәрдемімен Қаныш СССР Ғылым академиясының Қазақстандық филиалын өз алдына жеке Ғылым академиясына айналдыруға күш салады, соған дайындық жүргізеді.
Ұлы Октябрь Социалистік революциясына дейін өмірі қараңғылық пен қапаста, надандық пен езілуде өткен қазақ халқы советтік дәуірде ұлы орыс халқының көмегімен Ленин партиясының басшылығы арқасында Ғылым академиясын құрды. Бұл қазақ халқының тарихында аса саяси мәні бар факты. Өткен ғасырда:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім,
Ержеткен соң туспеді уысыма Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,—
деп Абай қатты өкінген еді. Ол кезде Абайдың ғылымға жету турасында айтқаны тек арман, қиял ғана. Оның ол кезде іске асуына ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Міне, халық атынан Абай аңсаған ғылым совет дәуірінде салтанат құрып отыр. Қазақтың мыңдаған жас ғалымдары Қазақстанда құрылған ғылым штабының өркендеп өсе беруіне, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оның қалыптасуына күш салып, ғылымның табыстарын Отанымыздың экономикасы мен мәдениетін көруге жұмсап келеді.
Бұл жөнінде бізге ағалық қамқорлық жасап, жол-жоба, үлгі-өнеге беріп отырған — ұлы орыс халқының даңқты ғалымдары.
Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына, ғылым кадрларының өсіп, ер жетуіне, оларды тәрбиелеп өсіруге көмектескен де солар.
Қаныш қазақ халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуде де айта қаларлықтай көп еңбек сіңірді. Қазір жарыққа шыққан «Қазақ ССР тарихы», қазақ әдебиетінің, көркемөнерінің тарихы жазылу ісіне ол белсене қатысты. Жұртқа мәлім, Ұлы Отан соғысына дейін қазақ халқының, оның әдебиеті мен мәдениетінің тарихын жазу ісі бастауыш және орта мектептерге арналған оқу-құралдарының көлемінде және жеке авторлардың ісі болып келді. Ал, Қаныш бұл іске ғылыми мән беріп, «Қазақ ССР тарихын», қазақ халқының әдебиеті мен көркем өнерінің тарихын жазу ісіне ғалымдар коллективін ұйымдастыруға басшылық етті. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Қазақ ССР Ғылым академиясынан Тарих, Тіл және әдебиет институттары құрылды. Бұлардағы ғалымдар қазақ халқының және оның әдебиеті мен мәдениетінің тарихын молынан зерттеуде көптеген еңбектер істеп отыр.
Қаныш өзінің барлық ынта-жігерін, білімін Советтік Отанымызды көркейте беру ісіне, халқымыздың игілігіне жұмсады.
Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.