З. Ақышев

Дидарласу

Сәтекең ауылымен біздің ауылдың арасы он екі-ақ шақырым. Олардың қыстауы Қаратұмсықта.. Бұл арада қазір Баянауыл ауданының Қ. Сәтбаев атындағы совхозының мал базасы бар. Ал, біздің қыстаулар Бестөбе дейтін адырдың бауырында. Мұнда қазір сол ауданның «Октябрьдің 40 жылдығы» совхозының малы бордақыланады.

Жаз жайлауға шыққанда екі ауылдың іргелес қонып қалатын кездері болады. Әсіресе жазғасалым, ел қыстаудан көшіп шыққанда, күзге қарай, жайлаудан қайтқанда, біздің ауылдар Бозшакөлдің шығыс жағын ала қонады да, Сәтекең ауылдары батыс жағында отырады. Сол кездерде мал аралас, қой қоралас дегендей, ығы-жығы боп кетеді. Сәтбай ауылының жастары орысша оқуға басқалардан әлдеқайда бұрын бет бұрды ғой. Олар көбінесе Ақмола, Семей, Омбы қалаларында оқыған. Жаз елге келгенде екі киіз үйді жалғастырып тігіп. соның ішінде спектакль қойғаның көргеніміз бар, Спектакль дегенді алғаш сол жылдары көрдік. Әбдікәрім Сәтбаев скрипка тартады екен, скрипканы да сонда кердік. Домбыра, гармонь да тартады, елең айтады. Неше түрлі спорт ойындарын көрсетеді. Көрші отырған ауылдардың кәрі, жасы бір рахаттанып қалады.

Кейін мен Қанекеңді үлкен жиналыстарда, көптің арасынан президиумдарда отырғанын кердім, сөйлеген сөзін де тыңдадым. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің алпыс жасқа толуына арналған Академияның салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзі күні бүгінге дейін құлағымда. Бір есте қалғаны Қанекең сол мәжілісті ашып, жарты сағат кіріспе сөз сөйлегенде қағазға бір қараған жоқ, еркін сөйледі, не қолында, не алдында — стол үстінде — бір парақ қағаз болған жоқ. Ал, бала жасынан бірге өскен досы, өмір бойы үзеңгі қағысып қатар жүріп отырған қызметтес жолдасы Мұқаң туралы сөйлегенде қағазға несіне қарасын Қанекең. Бәрі де өзі көзімен көрген, ез қолынан өткен жайлар, жаңылып қалармын, қателесіп кетермін десін бе. Бірі ұланбайтақ өлкеде техниканы қолынан тұрғызып, жер астының мол қазынасын елінің игілігіне айналдырған, бірі сол елдің мәдениетін, әдебиетін, тарихын ұзын да кең арнаға түсірген қос қанаты, ұядан бірге ұшқан қос сұңқары, қазақ халқын басқа жұрттарға алыстан көрсеткен, Мұқаңның өз сөзімен айтқанда «атан түйенің екі өркешіңдей» қос алыбы еді ғой.

Мұқаңның «Абай» эпопеясын... «бұл XIX ғасырдағы қазақ халқының алуан саладағы тіршілігінің нағыз энциклопедиясы» деген бағаны алғаш айтқан да Қанекен екені белгілі.

1960 жылдың жазында Қанекенмен кездесуіме бір сәтті жағдай туа қалды. Соның алдында Павлодарға командировкаға барып қайттып. Павлодарда Николай Ермилович Алексеев деген қарт мұғалім болған. 1971 жылы сексен алты жасында қайтыс болды. Ленин орденімен наградталған. Қазақ ССР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім атағы бар еді. Мектепте, оқу бөлімдерінде елу төрт жыл қызмет істеп пенсияға шыққан.

Ертіс өңірінде халық ағарту ісіне көп еңбек сіңірген адам еді. 1904—1905 жылдары белгілі жазушы, революционер Сабыр Шәріпов екеуі қазақ ауылдарында балаларды орысша оқытатын мектептер ашуға тікелей басшылық еткен. Павлодарда алғаш совдеп құрылғанда соның ағарту бөлімін басқарғандардың бірі.

Революциядан бұрын Павлодарда екі кластық орыс-қазақ мектебі болған. 1911 —1914 жылдарда Қанекеңнің немере ағасы Әбікей Сәтбаев сол мектепте оқытушы болған. Қанекең ағасының қолында тұрып, осы мектепте оқыған. Сол кезде осы мектепте Н. Е. Алексеев те сабақ берген. Демек, Алексеев — Қанекеңнің ұстазы.

Кейінгі кезде Павлодарға бара қалсам Николай Ермиловичке бір соқпай, үйіне әдейі барып сәлем беріп шықпай, бірер сағат отырып әңгімелеспей кете алмайтынмын. Оның себебі бар. Мен 1938-1939 оқу жылында Павлодардағы педучилищеде оқытушы болдым. Николай Ермилович ол кезде облыстық оқу бөлімінде инспектор, әрі қаладағы қазақ жеті жылдық мектебінде орыс тілінен сабақ береді. Ол керемет методист. Сонымен бірге бойындағы барын басқаға үйретуден жалықпай еткен адам. Біз, жас мұғалімдер, сабақ беру шеберлігін үйрену жағынан Николай Ермиловичті ұстаз тұтамыз. Кейін Павлодар облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезімде Николай Ермиловичпен бірге қызметтес болдық. Мен ол кісіні ұстазым әрі қадірлі аға деп санаймын. Павлодарға бара қалсам жолықпай кетпейтін себебім сол. Олай етпесем қарт ұстаз қатты өкпелеп қалады.

Николай Ермилович қазақ тілін де жақсы білетін адам еді. Мұғалім болмай қалған жағдайда қазақ класстарында қазақ тілінен сабақ та беретін. Сол жолы барғанымда да шалға сәлем бере кетейін деп үйіне барып едім, құшақтай алып, көтеріп апарып (қартайса да қарулы болатын) отырғызды да, кепке дейін жібермей қойды. Асығыспын дегеніме қараған жоқ, есігін ішінен бекітті де, кілтін қалтасына салып алды. Әңгіме арасында:

– Қаныш Имантаевичтың халы қалай?— деді қарт.

«Білмеймін» деуге ұялдым. Алматыдан барып отырып, сондай үлкен адамның халынан хабарым жоқ деудің реті келе ме.

— Жақсы,— дей салдым.

— Қарым-қатынасың бар ма. Араласып тұрасың ба?

— Жоқ.

— Неге? Сендер ауылдас емессіңдер ме. Анда-санда барып сәлем беріп жүрмейсің бе?

— Қызмет жағдайына келгенде ол кісіге байланысты ештеме жоқ. Тек аман, саулығына тілектес боп жүре береміз де.

— Оның да жөн. Уақытын алмайын дейсің ғой.

— Әрине.

Біраз отырған соң мен кетуге ыңғайландым. Дәл шығарда Николай Ермилович қолымды қатты қысып

тұрып:

— Алматыға барған соң Қаныш Имантаевичқа әдейі барып жолық. Қолын, міне, осылай қысып, менен көптен көп сәлем айт.

Ұмытқан жоқ шығар. Ең зерек шәкірттерімнің бірі еді. Тілектеспін. Осынымды жеткізбесең ендігі келгеніңде есіктен қаратпаймын,— деп қабағын түйіп, қарай қалды да, «ойнап айтам» дегендей қарқ-қарқ күлді.

Алексеевтің сәлемін жеткізіп, аманатын орындау мен үшін Қанекеңе жолығуға көптен іздеп жүрген себебім табылғандай қуанып кеттім.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.