ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ИНСТИТУТЫ(ГИН), ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты, КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы негізінде 1940 ж. ұйымдастырылған республикадағы тұңғыш академиялық ғылылыми зерттеу институты. Институттың негізін қалаған әрі бірінші директоры — академик Қ.И.Сәтбаев болды.
1940 жылы КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің геологиялық секторы негізінде Геологиялық ғылымдар институты ұйымдастырылған. Институт 2-дүниежүзілік соғыс жылдары қалыптасты. Соғыс уақытындағы зерттеулер елдің қорғаныс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталды. Институтта іске асырылған Орталық Қазақстан, Алтай, Қаратаудың марганец, мыс, полиметал және сирек металдар кен орындарын игеру жұмыстары Орал, Сібір, Қазақстан мен Орта Азияның қорғаныс зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Соғыстан кейінгі жылдары институтта геологиялық ғылымының басым бағыттары дамытылды. Олар: аймақтық геология, тектоника, минералогия және Жер қыртысының геологиясы, металлогения, кенді аудандарды кешенді зерттеу, мұнай мен газ кен орындарының геологиясы.