Ш. Шокин

ҒЫЛЫМНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты совет халқы, советтік озық ғылымымыз мақтан тұтады. Аса үздік ғалым ретінде ол елімізден тысқары жерлерге де кеңінен мәлім еді. Ол шын мәнісінде көптеген ғылымдар саласында энциклопедиялық терең білімі бар ғұлама ғалым болатын. Қ. И. Сәтбаев адамдарды өзіне баурай білетін ерекше қабілетімен ерен көрінетін. Ол еліміздің халық шаруашылығының, ғылымы мен мәдениетінің игілігі жолында ғалымдардың еңбегін ғажап ұйымдастыра білді.

Қаныш Имантайұлы институтты бітіргеннен кейінгі 15 жыл өмірін Жезқазған - Ұлытау аймағының кен байлығын айқындап анықтауға жіберді. Ол келешекке батыл көз тастайтын, өзінің арманы үшін күресе білетін талантты инженер және басшы болды. Қазіргі Үлкен Жезқазған — Қ. И. Сәтбаевтың жүзеге асқан арманы еді.

Сол кездің өзінде-ақ Қаныш Имантайұлы өзін тек инженер ретінде емес, парасатты ғалым ретінде көрсете білді. Ол кенді аудандардың геологиясын комплексті зерттеу жайлы әз еңбектері негізінде Жезқазған мыс кенінің орналасу заңдылықтары хақында байсалды қорытындылар жасады, оның зор келешегін көрсете білді. Бұл жайлы ол Москва мен Ленинградтың ғалымдарын хабардар етіп, Совет Одағының үкімет басшыларына баян етті, сөйтіп, одан әрмен геологиялық зерттеу жұмыстарын кеңейтуге және ұланбайтақ Жезқазған кен қорын іс жүзінде игеруге жол ашты.

Қанекен Григорий Константинович Орджоникидземен жеке кездесіп, оған Үлкен Жезқазғанды құру жайлы идеяны баян етті. Аталған ауданның дамуында бұл кездесудің маңызы ерекше болды. Совет Одағының ғылыми жұртшылығы арасында Қ. И. Сәтбаевтың Жезқазған жайлы геологиялық зерттеулері кеңінен мәлім болды.

Сол жылдары Қаныш Имантайұлы Жезқазғанды геологиялық тұрғыдан зерттеумен қатар бүкіл Қазақстан территориясындағы, соның ішінде орталық және шығыс аудандардағы зерттеу жұмыстарының қарқынын арттыруда белсенді қызмет көрсетті.

Еліміздің минералдық шикізат қорын ұлғайту мақсатына орай Қазақстан территориясындағы геологиялық зерттеуді біраз кеңейту керек болды. Бұл жұмысты ұйымдастырып, басшылық жасауға Қ. И. Сәтбаев бірден бір лайықты кандидатура деп танылады. 1941 жылы ол СССР Ғылым академиясы қазақ филиалының Геология институтының директоры болып тағайындалады. Бұл жұмыста ол өзін аса көрнекті ұйымдастырушы, ірі ғалым ретінде көрсете білді де, 1942 жылы СССР Ғылым академиясының қазақ филиалының председателі болып бекіді.

1938 жылы ұйымдастырылған СССР академиясының қазақ бөлімшесі ол кезде бар болғаны 132 ғылыми қызметкері, оның сегізі ғылым докторлары мен профессорлар, 29-ы ғылым кандидаттары мен доценттер бар шағын ғана ғылыми мекеме еді. Бөлімшенің құрамына екі институт пен бірнеше сектор кіретін.

Сондай-ақ, сол кезде республиканың азғана жоғары оқу орындары мен Ленин атындағы Бүкіл одақтық ауылшаруашылық ғылым академиясының қазақ бөлімшесінде де шағын ғана зерттеу жұмыстары жүргізілетін. Сөйтіп, соғыстың алдындағы жылдарда ғана Қазақстанда жаңа бүр жара бастаған ғылым ісін кең қанат жайдыру осыған орай және 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысымен байланысты біраз қиыншылықтарға кезікті, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың республика ғылымының іскер де жігерлі басшысы ретіндегі қызметі дәл сол соғыстың қаһарлы жылдарында басталған болатын.

Терең білім мен зерек ойлылық Қ. И. Сәтбаевқа соғыс кезіндегі ғылымның міндетін дұрыс та дер уағында түсінуге, оның нәтижелі шешімдерін айқындап, өзі басқарған Қазақстан ғалымдары отрядын фашист басқыншыларына қарсы совет халқының біртұтас майданы сапына қосуға мүмкіндік берді. Бөлімшенің тематикалық жоспары жедел қаралып, еліміздің қорғаныс қажетіне керекті Қазақстанның табиғи ресурстарын жаппай жұмылдыру проблемалары бірінші қатарға шығарылды. Экспедициялар соғыс жағдайында практикалық маңызы бар объектілерге ғана жіберілді.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.