М.Әлімбаев

ҚАНЫШ — ХАЛЫҚ АУЗЫНДА

1. Біртуар

Сөзден сөз туып, Мұхаң бір орайда Қазақ ССР Ғылым академиясына ойысты:

— Академия президиумының мәжілісін мен әзілдеп, «кереңдер мәжілісі» деп жүрем. Химик-академик сөз сөйлесе, Қаныштан басқамыз қалғып-шұлғып дегендей қалыпта отырамыз, физик бір қызық жайды баяндап аяңдап жатса да, өзгеміз тағы да селт ете қоймайтындаймыз, әдебиет-мәдениет жайынан мен ой-тілектерімді ортаға салсам да, Қаныштан басқасы тағы да марғаулау қалып танытқандай болады. Президиум мүшелерінің — әр сала мамандарының баяндаған сырына сүңги бойлап, үңги барлап, байыбына барып, сан ғылымның саты-саты, қат-қабат жүйесін сараласып, істелген тынған істер мен келелі-күрделі міндет-парыздар тобын түгел топшыласып, маманмен көбіне терезесі тең, кейде асып түсіп, бағыт-бағдар сілтеп отыратын сол президент тің өзі ғана. Мен өз басым талай ғалымды көріп біле жүре солардың кейбірінің өзі ұстаған ілімі төңірегінен аса бермейтініне ішімізден қабақ шытып қалатынымыз да бар. Ал Қаныш болса, Горький сөзімен айтсақ, «мүтін бір мекеме» (Мұхаң: «бүкіл, бүтін», дегенді осылай «мүтін» дейтін еді). Қазақ «сегіз қырлы» дейді ғой, бәлі, бұл сөз дарымайды, кем соғады.

Каныш басының қадір-касиеті, дарын-таланты орасан мол. Оған Москва оқымыстылары қандай ден қояды? Қаныш дан-дабыра, ду мен шуды суқаны сүймейді...— деді Мұхтар.

Асқардың асқарлығын айтқаннан өзінің аласармайтынын заңғарың сезіп-біліп, ағынан жарылып отыр-ау деген бір ойды ішіме сонда түйген едім. Тегінде, Әуезов секілді алыптардың бойында ұлылық пен кішілік әрқашанда да осылай қоян-қолтық жүрсе керек.

2. Академик Бок айтады...

Академик-геолог Иван Иванович Бок беріректе академик-химик Евней Букетовке бір сырын шертіпті.

— Жезқазған төңірегі қойнауын түрткілеп, кен іздеп жүргенбіз. Айдалада ақ түтек боранда жолдан адастық та кеттік. Әрі сандалып, бері сандалып, түтін иісімен бір ауылға әзер дегенде киліктік. Жатаған бір үйге тап болдық. Үй иесі қасымдағыны бірден тани кетті. Қолымен әріптесімді нұсқап, маған орысша тіл қатты әлгі қазақ ақсақалы. Өзінің әжептәуір орысшасы бар екен.

— С тобой приехал данышпан,— деді.

— Данышпан?— деген не деп үй иесінен қайта сұрап ем, оған білігі жете қоймады.

— По казахский знаешь, а вот по русский не знаешь,— деді ол қолын жайып.

Жолдасымнан бұл не деген сез деп, баламасын сұрап едім, айтпай қойды. Кейін басқа қазақтардан сұрап білдім. Сол сөздің мағынасын түсіндірмей қойған да, данышпанның өзі де Қаныш Сәтбаев болатын,— деп академик Бок сөзін тәмамдапты.

3. Жамандап жатқан жоқ қой.

Қаныш Сәтбаев алғаш рет СССР Жоғарғы Советі депутаттығына кандидат боп Қарағанды облысынан ұсынылған екен.

Сайлаушылармен кездесулер әуелі Ворошилов ауданынан басталады. Келесісі Осокарев ауданы болса керек.

Халық қалаулысы қайраткеріне үлкен қошемет көр- сетіп, қоштасар мезетте дастарқан мәзірін созып алады. Осокаревтықтар қақаған аязда Қаныштарды ұзақ тосады. Қараңғы түседі. Аудан басшылары «кандидатымыз» тап бүгін келе қоймас», деп халықты бекерге тостырмас үшін үйді-үйіне таратып жібереді. Осыдан кейін уақыт онша ұзамай-ақ шамалы керуен клуб алдына кеп тоқтайды. Осокаровтықтар ұйымдастырғыш екен, ә дегенше радиомен хабарлап, халықты клубқа тез жинап алып, кездесуді бастап кетіпті. Жұрт сенген өкіл осы жердің өз төлі, қазағуар бір орыс азаматы екен. Сол бірінші боп сөйлеп ала жөнелді. Ол кезде қазіргідей электр қуатын мемлекеттік желіден алмайтын кез. Аудан орталығына жарық беретін движок бір жанып, бір күңгірт тартып, кейде тіпті сөнермен боп өлеусірейді.

Жазып алғанын көре алмаған, жұрт сенген әлгі өкіл — МТС директоры алдындағы қағазды былай тастап, оқуды қойып, сөзін жатқа айта бастайды. Қаныштың өмірбаянында Семейде оқығаны айтылатыны аян.

Сол жәйт есіне түскен бе, әлде бір ойларды ауыстырып алды ма екен, мінбедегі шешен:

— Қысқарта айтқанда, Қаныш Имантайұлы жұмысшы табының сенер өкілі, бір кезде әзі жұмыс атқарған Семей ет комбинатының директорына қатерілген,— депті, айтар сөзінен ауытқып кетіп.

Сонда Қаныштың қасында отырған совет қызметкері Айтмұхамет Арыстанбеков:

— Қанеке, ондайыңыз да бар ма еді әзі?— деп таңдай қағыпты. Сонда тумысынан сыпайы Қаныш Сәтбаев Әйтекеңе бұрылып:

— Жамандап жатқан жоқ қой, оқасы жоқ, айта берсін,— деп сыбырлапты.

Жаңағы сөз («жамандап жатқан жоқ қой») соңынан қарағандылықтар арасында қанатты сөзге айналып кеткен екен.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.