Ф.В.Чухров

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ

Мен Қ. И. Сәтбаевпен алғаш рет 1936 жылы кездестім, әйтсе де сол кездесу әлі күнге дейін естен кетер емес.

Бұл Қарсақбайда болған еді. Қаныш Имантайұлы ол кезде геологиялық барлау қызметін басқаратын. Бір топ геологтармен бірге мен СССР Ғылым академиясының өндіргіш күштерді игеру Советінің Үлкен Қазақстандық экспедициясына қатысу үшін Қарсақбайға келдім. Біз Қазақстанға бірінші рет келген едік, сондықтан біршама жүрексініп, тосырқап қалдық, өйткені көбіміз әлі тәжірибесі аз жас мамандар болатынбыз. Алайда Қаныш Имантайұлымен алғаш кездескеннен кейін-ақ бұл тосырқау лезде тарап, қызықты болашаққа, қиыншылықтарды жоюға деген сенім бойымызды биледі.

Қаныш Имантайұлымен бірге алғаш рет Жезқазған – Ұлытау ауданына саяхат жасадық, сонда біздің бәріміз оның қажыр-қайратына, ауданның геологиясын және бұдан былайғы зерттеу міндеттерін жетік білетініне қайран қалып едік. Кейінірек, біздің әрқайсымыз өз жұмысымызды орындай бастаған кезде, бізге Қаныш Имантайұлы дамылсыз келіп тұрды. Ол зерттеу қорытындыларымен танысуға, сондай-ақ достық ақыл-кеңес беруге, әрқилы сауалдарға жауап қайыруға және практикалық істе көмек көрсетуге әрдайым әзір тұратын.

Мен ол кезде Жезқазғанның қышқылдану аймағын және Жезқазған — Ұлытау ауданының марганец кенішінің минералогиясын зерттеумен шұғылданған едім. Сол кезде еш тәжірибесі жоқ, төтен жағдайға бірінші рет душар болған маған Қаныш Имантайұлының жасаған қамқорлығы өзіме қатты әсер етті. Қазақстан езіме етене жақын болып кеткен кейінгі жылдарда да мен осы әсерде жүрдім.

Қ. И. Сәтбаев Алматыға кешіп келгеннен кейін де онымен талай кездестім. Бұл тұста оның ғалым, әрі ұйымдастырушы ретіндегі қабілеті тез жарқырап көрінді.

Ұлы Отан соғысының бас кезінде майданға көмектің сан алуан мәселелерін жедел шешуге бағытталған Қ. И. Сәтбаевтың ерекше ғажап қызметінің куәсі болдым. Оның күллі ақыл-парасаты қорғаныс мұқтажы үшін шикізат ресурстарын шапшаң жұмылдыруға бағытталды. Мысалы, Қазақстанның далалық бөлігіндегі кеніштердің ескі руда үйінділерін қорғасын қорытуға пайдалану проблемасын талқылау менің есімнен кетпейді. Қаныш Имантайұлының сол бір қаһарлы жылдардағы күллі қызметіне тән керемет серпінді стиль осы мәселеден айқын көрініп еді.

Сол сияқты Қ. И. Сәтбаев біздің жеңісіміз үшін маңызы бар деген геологиялық жаңалықтардың бәрін қалт жіберген жоқ. Мысалы, Қаныш Имантайұлы Саяқта кобальт минералының ашылуы туралы мәлімет алысымен, маған дереу осы кенішке барып, геологиялық-барлау партиясының жұмысына аралас,— деді. Қаныш Имантайұлы осы сапарды ұйымдастырудың күллі практикалық детальдарын қолға алды, сөйтіп, санаулы күндерде дала жұмыстарын жүргізу үшін не қажетің бәрі сақадай сай болды.

Бұдан көп кейін Шығыс Қоңырат молибден кенішін зерттеумен шұғылданған кезімде Қаныш Имантайұлы мені барынша қолдап, ынта-ықылас білдіріп отырды, көп ретте жұмысымның аяқталуына жағдай жасады.

1943 жылы Қ. И. Сәтбаев (Н. Г. Қассинмен бірге) Шығыс Қоңырат геологиялық барлау партиясына келген кезде өзінің кенішті және оны зерттеу нәтижелерін керемет білетінін көрсетті. Оған не істелгені және қандай мәселені шешкеніміз туралы айтып берудің өзі бір ғанибет болатын. Мен оның жеке фактілерді жинақтап, Қазақстанның геологиялық құрылымының жалпы көрінісімен байланыстыра білу қабілетіне әбден сүйсіндім.

Соғыстан кейінгі жылдарда мен Қ. И. Сәтбаевпен Алматыда және Москвада талай рет кездесіп жүрдім. Біз Қазақстандағы геологиялық зерттеулер туралы, оларды ұйымдастыру мен дамыту туралы кеп әңгімелесетінбіз. Менің бір байқағаным, Қазақ СССР Ғылым академиясының президенті болып тұрған кезінде Қаныш Имантайұлы республика жер қойнауын геологиялық тұрғыдан зерттеуді өрістетуден әзінің күш-жігерін аяған жоқ. Ол кесек, ірі мәселелерді де, сонымен бірге, былай қарағанда, ғылыми мекеменің күнделікті практикалық қызметінде ұсақ-түйек болып көрінетін екінші кезектегі мәселелерді де шешуге қабілетті еді. Міне, бұл стиль Қ. И. Сәтбаевтың күллі ғылыми-ұйымдастыру қызметінің зор табысын айқындаған-ды...

Бұрынғы геология-география ғылымдары бөлімшесінің жұмысына қатысқан біздің бәріміз үшін СССР Ғылым академиясындағы геология ұйымдарының әмірінде Қ. И. Сәтбаевтың рөлі ерекше зор болды. Оның геолог-ғалымдарымыз арасындағы айрықша беделіне, оның әр түрлі мәселелерді анағұрлым озық позициялар тұрғысынан шешудегі аса көрнекті роліне менің талай рет көзім жетті.

Қазақ халқының үздік перзенті Қ. И. Сәтбаев Советтік Отанымыздың жалынды патриоты, халықтар достығының жаршысы еді.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.