Ә.Тәжібаев

ЕСІМДЕГІЛЕР

Мен әлі күнге дейін өзімнен үлкендеу адамды көрсем «Қаныш аға» дегім кеп тұрады. Бірақ амал не, ондайлар сирек кездеседі ғой. Біреу қуланып жымиса, біреу сұмданып күлімсіреген болады. Ал енді біреулер қасқыр бетінен қарлы-мұзды ызғар тептіргенін айбын көретін сияқты...

Мен Қаныш ағамен 1931-жылы Қарсақбайда таныстым. Алғашқы көргенім, алғашқы қол алысқаным әлі есімде. Сонда мен көптен аңсаған, бірақ кездестіре алмай жүрген қымбат адамымды тапқандай қатты қуанған едім. Асыл ағадан сол жолғы алғаш алған әсерім, сол жолғы естіген әңгімем «Еңбекші қазақта» очерк түрінде басылып шықты...

Үйде кездесеміз, түзде кездесеміз... күндіз кездесеміз, түнде кездесеміз. Мен ағамен кездескен сайын есіп, жетіліп қалғандай сезінер едім... Айлы түнде Кеңгір өзенінің бойында жантайып жатқанымыз есімде: анадай жерде шай қайнатқан жігіттер күліседі, олардан әріде шатырлар ағараңдайды. Біз жай ғана сөйлесудеміз.

— Шаршайсыз ба, аға?

— Күндіз аздап...

— Түнде ше?

– Түнде өте жақсы тынығамын.

Күндізгі күшті жел сынғалы бері бұлт та сиреген, ай да біраз бізге жақындағандай еді. Қаныш сәл ғана ойланып кідірді де қайтадан тіл қатты:

— Әбес, Абай елеңдерінен оқып жіберер ме едіңіз,— деді. Мен бөгеліңкіреп, қысылған кісідей керініп қалсам керек, Қаныш бір түрлі ыңғайсызданғандай басын көтеріп алды. Мен сол кезде оқи бастадым:

Желсіз түнде жарық ай Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі...

Оқып болдым. Үн-түнсізбіз. Екеуміз де қасымыздан Абай ыңырсып өткендей, соған құлақ асқандай тына қалыппыз: екеуміздің де ішімізге қазақ тілі жаңа бір жарық, жаңа бір жылу алып кіргендей, бақытты сезінгендейміз... Кеудемізде тағы ырғақ оянды...

Қараңғы түнде тау қалғып

Ұйқыға кетер балбырап...

деп енді Қаныш аға бастады. Дыбыс келісімдерін, әуен ырғақтарын жетік сақтай білетін қоңыр дауыс ерекше бір сырбаз естілді.

Абай әні мен өлеңіне қосылған ыстық ғашықтық, жастық құмарлық үні жарыса сөйлегендей... «Осындай түнімнен айналдым, осындай тауымнан айналдым», дегендей күңіренеді...

— Ұйықтаймыз ба, Әбес?

— Мейліңіз, аға.

Ұйықтау қайда мұндайда. Жарық түндей жарық ойлар теңізіне батыппын да кетіппін... Мен Қанышты бұрын да сыйлайтынмын, оның «Едігеге» жазған сөз басы қандай еді, сонда ол үлкен әдебиетші болып сөйлеген-ді. Міне, енді жай ғана ән салғанын есіттім.

— Қаныш аға, жазған өлеңдеріңіз сақтаулы шығар...

— Оны қайдан шығардыңыз,— деді күліп,— мен өлең жазып көрген емеспін.

— Кешіріңіз.

Иә, ол кешірімді адам, менің жеңілтек сұрағыма да кешірім еткен болу керек. Адамның үлкендік белгісінің бірі кешірімділігі емес пе? Әрине. Бірақ мен Қаныштың ұлы ақындарымыздың бірі екеніне бүгінге дейін шектеніп көрген емеспін. Рас, ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тіліне түсінетін, далада жатып жер жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын, тереңдегі мұнайлар шуылын істетін. Оған тас сейлеп сыр шертетін, темір ән айтатын.

Мен осы кездескеннен кейін Қаныш ағаның ақ шатырлары туралы өлең жаздым:

ғажап геологтың шатырлары өшкен жұртында жаңа қалалар өседі дедім.

Ойым, айтайын дегенім әсем-ақ еді, бірақ ақындығым әлсіз соққандықтан елең де әлсіздеу шықты.

Алып адамдардың көңілдері жарық, күшті қолдары ұзын келеді ғой. Олар қауым тірлігінің барлық саласына да араласып сәулесін түсіріп, жаңағы ұзын қолдарымен көмектесе жүреді. Қаныш жалғыз ғылымға ғана емес, әдебиетімізге де болысушы, қолма-қол жәрдемдесуші еді. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы шыққанда қандай қуанғаны, қандай ірі сөздер айтқаны бәріміздің есімізде.

Ғажап адам ақырғы деміне дейін ұлы Отан үшін еңбектенді. Мен «Монологтар» дейтін драмалы поэмада Қаныш ағаға да сөз бердім. Ол жарық дүниеге соңғы рет көз тастап тұрып:

— Бірақ нәрсе қиналарым қимасым:

Бар еді ғой алдымда көп арайлар,

Бар еді ғой жарқын үміт қарайлар,

Бар еді ғой жарқылдаған жана ойлар... –

деп күрсінеді.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.