ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫ ДА ТАНЫМАЛ
(«Қаныш аға» циклінен новелла)
Елден шыққалы айдан асқан. Асқаралы Алатау да, алмалы Алматы да алыста. Даланың ұшы-қиырсыз кең жазира, құба белдері де қиянда қалған. Бәр-бәрі соның казір көз ұшынан гөрі қиял қиырынан ғана көрінгендей.
Асылында, мұндай сезім Қанышқа бұрын-соңды кезікпеген беймағлұм кұй. Ес білгелі үйінен ұзап шыққаны осы ма еді? Туған Айырығын тастап он екі жасында Кереку кетті. Семей, Томскіде жүргенде де алыста қалған ауылын сағынып, дәл осылай аңсаған еместі. Ал бүгін солардың бәрінен жырақ кетіп, бөгде ел, бөтен жұрттың қонағы боп, көңілі есіп масайрап жүрсе де, жүрегі сол бір туған, тұрған мекендерін іздегендей, көксегендей.
Әрі-сәрі күйде тұрып, тағы да қиял жетегіне еріп кетті. Таң қылаң бере оянған Отельдің оңаша бөлмесі тылсым тыныштықта мүлгіп тұр. Күлгін түсті күңгірт қабырғалар да қалғи бер деп қабағын еріксіз жапқандай еді. Бірақ, ояна сала ойын шырмаған әлгі бір сезімдер ұйықтатпады. Со бетінде терезе алдына барған.
Ағылшын жұртының атақты астанасы бүгін де кіреуке тұманның кілегейдей қою шылауына оранып, тұнжырап тұр екен.
Лондонның тұнжыр аспанына қарап тұрып, тағы да көңілі өзінің шалқар даласына кетіп қалғанын Қаныш біраздан соң ғана аңғарды. Аңғарды да терезе алдынан шегініп кетті.
Британия парламентінің шақыруымен Англияда қонақта жүрген СССР Жоғарғы Советі делегаңиясының осы сапарға шыққанына бірталай күн болып еді. Бұл елге март айының басында келген.
Аз күнде көргендері де, білгендері де аз емес: Лондонның іші-сырты –Гайд-Парк, ұлттық галерея, Британия музейі, Сити, Пикоделланың түнгі от жарнамалары, Вестминстер аббатствосы, Эдинбург пен Стратфордтың керікті орындары, Шеффилдтің металлургия алыбы, Ватерлоо көпірі... ең аяғы, мына ездері жатқан ақсүйектер кварталы Вест-Эндадағы айшықты сарайлар... бәр-бәрі қонақтарға түгел керсетілген; көне, жаңа тарихтары, аңыз-ертегілері әлденеше қабат қайталанып айтылған. Осылайша, әрбір сағат, минутына дейін еншіленіп, ерекшеленіп, бір саяхатқа бір саяхат жалғаса берген.
Бүгін де сондай кундердің бірі еді.
Таңертеңгі ас үстінде делегация мүшелеріне бүгінгі күннің ресми программасы жария етілді. Темза бойымен серуен жоспарланған екен.
Қаныш Имантайұлы бұл хабарға онша қуана қойған жоқ. Еркі әзінде болса, Лондонның сұрғылт қоршаулы сүренсіз сүр үйлерінін қамауы мен тұман тұмшалаған аспанынан бір сәт құтылып, тынысы кен қала сыртында ұзакты күн серуен құрар еді. Қонақтын осы күйін сезгендей, өздерін неше күннен бері бастап жүрген үкімет чиновнигі кенет Қанышқа бұрылып:
Мистер Сатпаеф, сіздін бұрнағы күнгі тілегінізді Британия музейі қуанышпен қабыл етіпті. Қай сағатта баруды қалайсыз?– деді.
Қисыны келіп тұрған шаруаны кейінге қалдырып кайтсін. Сол сағатта-ақ музейге баруға әзір екендігін білдірді.
Әлем асылдарынын атақты ордасы Британия музейін қонақтар келген кезде-ақ көргенді. Тобымен жүріп, әлденеше залда көрмеге қойылған асылдарды армансыз тамашалаған.
Қаныштың сұрағаны бұл емес. Ұлы өнерді тани да, қадірлей де білетін талғамы болғанымен, оны қайта бажайлап қарауға уақыты жоқтын. Британия музейіне оның екінші рет, өзі сұранып келуіне себеп мүлдем басқа жай еді.
Бұл жолы ұлы Қоролевствоның музейде тұрған тас қазынасымен толығырақ танысу үшін келгенді.
Тас көмірден өзге қазынасы жоқ, қазба байлыққа мулдем жұтаң, ұлтарақТай арал болғанымен бұл елдің тас қоймасы қордалы екенін Қаныш ойша болжаған. Алданбағанын музейдің минералогия залына келгенде білді. Қоролевствоның тас қазынасы әрқайсысы жеке музей дерлік, зәулім, кең бірнеше залға орналасқан екен. Қайда қараса да көздің жауын алғандай жыпырлаған тас.
Қаныш шынымен риза болды. Өзінің бұрын-сонды көрген минералогия музейлері мынаның қасында әншейін сияқты. Бірақ, ол осынша байлықтын бұл араға жиналғанына таңданған жоқ. Қанша жесе де қанағаты жоқ жыртқыш арыстанның алып бейнесін мемлекеттік гербіне ұялмай салып, қанды шеңгелін алты материкке бірдей созған алақандай аралдың қомағай екенін бұрыннан білетін. Шынында да, ол жер бетіндегі барлық асыл қазына, тас байлығын қылғымай жұта берген тәрізді. Геологтың кәнігі көзі зал экспонаттары ішінен Африканың тұңғиыл мөлдір алмасын да, Алтайдың аспан тұстес асыл тасын да көрді. Скандинавияның атақты карборитін, Американың қызыл ағатын, Оралдың түрлі-түсті боратын да таныды. Қеп тасты ол алдында жатқан этикеткасын оқымай-ақ танып, ескі танысындай айырып келеді. Тек, оқта-текте ғана еңкейіп, жазуға үңіледі. Қейбір сәтте өзін бастап келе жатқан музей қызметкеріне бұрылып, түсінік беруін сұрайды. Бірак, көбіне ол үн-түнсіз қалыпта, өзімен-өзі құныға тамашалаған күйде, тастармен ғана тіл табысып сырласа берген...
Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.