ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ
Қазақ ССР Жоғарғы Совет інің шешіміне сәйкес 1938 жылдың июнь айында мен Қазақ ССР Халық комиссарлары Советіне қызметке орналастым. Ол кезең — елді индустрияландыру жөніндегі алғашқы бес жылдықтардың артығымен орындалып, ауыл шаруашылығын коллективтендіру істері аяқталып, халықтың тұрмысы әжептәуір жақсарған кезі еді. Бұл жағдай үшінші бес жылдықты күрделі істер тындыруға даңғыл жол ашты.
Үшінші бесжылдықта еліміздің шығыс аудандарының өркендеуіне айрықша көңіл аударылған. Қазақстанның үлесіне бұрын-соңды болмаған міндеттер жүктелген.
Ұлан-байтақ Қазақстанның көп салалы халық шаруашылығымен, мәдениетімен, өнерімен толығырақ танысуға бір-екі жылдай уақыт кетті. «Ойдан ой туады» дегендей, бұдан республиканың алдында тұрған алып істерді мүлтіксіз атқару үшін алдымен ғалымдарға, білгіш мамандарға, қолдарынан енер тамған сауатты қалың бұқараға сүйену қажет екені байқалды.
Ол кезде Қазақстан мұндай кадрларға өте мұқтаж еді. Осы мәселелерді тездетіп шешу, алдымен ғылымды ұйымдастыру қамын ойлау қажет болды.
Бұрын орман шаруашылығы саласында істеп жүрген кезімде баспа беттерінен геолог Қ. Сәтбаевтың бірнеше мақалаларын оқығаным барды, сол есіме түсе кетті. Сұрастырып қарасам, ол кісі Жезқазғанда болып шықты.
Ол кезде темір жолмен жүрушілерге Жезқазған Алматыдан гөрі Москваға жақынырақ болатын. Сәті келіп 1941 жылдың бас кезінде Қанекеңмен алғаш рет Москвада кездестік. Көп сөйлестік, Оның үлкен маман екені қатты әсер еткен еді...
Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастыруға қажетті дайындықтар жүргізу үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Халық Комиссарлары совет інің қаулысымен үкімет комиссиясы құрылды. Оның председателі орынбасарларының бірі болып Қанекең тағайындалды. Қазақстанның басшы органдары Комиссияға аса қиын, бірақ игілікті міндеттер жүктеді.
Қазақстан үкіметі жоғарыда айтылған күрделі шараларды іске асыруда еш нәрсе аяған жоқ, қаражат керегінше тоқтаусыз беріліп тұрды. Сол кездегі мүмкіншіліктің тапшылығына қарамастан жаңадан ашылған ғылым ұяларына тиісті қамқорлық көрсетіліп отырды. Еліміздің белгілі архитекторы А. В. Шусевтің басқаруымен осы күнгі Қазақ ССР Ғылым академиясының бас ғимаратының жобасы жасала басталды.
Комиссия өзінің барлық жұмыстарын СССР Ғылым академиясымен ақылдаса отырып жүргізді. Ұлттық ғылыми кадрларды тәрбиелеуде, Қазақстан Ғылым академиясын құру істерінде, оның жұмысын жолға қоюда СССР Ғылым академиясының орны айрықша.
Осы істердің басынан аяғына дейін оның сол кездегі президенті В. Л. Қомаров, вице-президенті И. П. Бардин, академиктері И. И. Мещанинов, А. М. Панкратова, тағы басқалары, тікелей қатынасып отырды. Соғыс жылдары бұл байланыс бұрынғыдан да нығая түсті.
СССР Ғылым академиясы президиумы Свердловскіде болғанымен, академиктердің көбісі Қазақстанда — Бурабай мен Алматыда болды. 1942 жылы Бурабайдағы академиктерге сәлем беруге арнайы барып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстары жемісті жүріп отыруына қолайлы жағдай жасап, басқа да мұқтаждарын өтеп кайттық. Аса қиын кезеңде ғылымға деген Қазақстанның қамқорлығы жөнінде академиктердің ризалық алғысы олар Москваға қайтар кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан үкіметінің аттарына жазған қоштасу хатында жылы сүйінішпен айтылған.
Қазақстанның өндіргіш күштерін мейлінше арттырып, оның байлығын соғыс мұқтаждықтарына кең пайдалану мақсатымен көп салалы аралас комиссиялар құрылды. Олар аса пайдалы жұмыстар атқарды. Комиссиялардың жұмысына Қазақстанның көптеген жас мамандары белсене қатысты. Олар тәжірибе жүзінде үлкен ғалымдардан өнеге алып, тез ысылды.
Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.