С. Зиманов

ІРІ ТҰЛҒА ЕДІ

Мінеки, 40 жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясымен бірге жасап, бірге өсіп келемін. Қанекеңнің президент кезінде, қол астында 13 жыл істедім.

Қазақ халқының үлкенді кіші сыйлайтын әдеті бойынша президентіміз Қаныш Имантайұлын «Қанекең» деп кеттік. Өзіне барғанда да «Қанекең» деп үйренгенбіз. Ол кісінің бір әдеті — үлкенді де, кішіні де езіне жылы тартып «Мәке», «Сәке» деп сөйлейтін. Сол себепті бұл естелігімде «Қаныш ағай» демей «Қанекең» деп алдым.

Оқымыстының бәрі бірдей ғаламат ақыл иесі бола беруі шарт емес, білімінің бәрі бірдей сөз иесі, сөз сырын кадірлейтін, өз ойын кесек-кесек тұжырымдармен баяндай білетін жан бола бермейді. Қанекеңнің бір басында осы қасиеттер мол еді. Көбінесе осы қасиеттеріне байланысты болуы керек, «Қанекең сөйлейді» деген мәжілістерді жібермеуге тырысатынбыз. Қанекеңнің кіріспе, баяндама, қостама сөздерінде, мамандарға керекті біліммен қоса, өмірден алынған, өмірге үйрететін терең сырлар мен үлкен ойлар жататын, оларды жүрекке жайлы, көңілге қонымды, сырлы да қысқа ұғымдар арқылы тыңдаушыларға жеткізе білетін.

1951 жылдың басында право секторының бастығы Т. М. Құлтелеев өзінің Москваға, докторантураға жүруіне байланысты мені уақытша сектор меңгерушісі етіп тағайындау үшін Академия президентінің кабинетіне ертіп барды.

Алдымен өзара сөйлесіп, оған оң сапар, олжалы оралуды тіледі де Қанекең жағдайымды, үй-күйімді, ғылым саласындағы ізденістерімді сұрай келіп, екеумізге бірдей қарап: «Ғалым білімді болу керек, білімдінің бәрі ғалым бола бермейді. Ғалым ерінбей үйренеді де ізденеді. Ғалым білім алады да, білімге білім қосады»,— деді. Қейін Тайыр Молдағалиевич әр кезде Қанекең сезін өсиеті ретінде айтып жүрді. Қарауындағы жас мамандарға ұрысқанда да қолданатын еді.

Право секторының бір ғылыми қызметкерінің келесі мерзімге сайланбай қалу қаупі болды. Осы туралы алдын ала қоғамдық ғылымдарын басқаратын вицепрезидент С. Бәйішевке ескертуді жөн көрдім. Сақаң мені ертіп президентке кірді. Қанекең біздің әлгі қызметкер жөніндегі «ғылыми жұмысқа осалдығы көп» деген пікірімізді тыңдап алды да жарқын жүзімен, күлімсіреп қойып, Сақтаған Бәйішевке қарап: «Сақа, осы бір қора қойдың ішінде семізі де, арығы да, қотыры да болмайтын ба еді, оның арығы семірмей ме, қотыры оңалмай ма?» дегенде айтарға сез таба алмай қалдық. Адамға сену, көмектесу керектігін айтты.

Қанекеңнің әсерлі, мағыналы сөздері кейде афоризмге де айналып кететін.

Қанекең академия президиумының қаулы-қарарларының мүлтіксіз орындалып отыруын талап ететін. Ат үстінен қаулыға кіргізе салған, еш нәрсеге себепкер бола алмайтын сөйлемдерді қатты сынайтын.

Кезінде көңіл бөлінбей бүкпе қалған президиум қаулысын сезгенде «Толғауы жетіп айтылған шешім жетім қалмауы керек» деп үйрететін.

Қанекеннің білімділігіне, жан-жақты білгірлігіне баршамыз таңғалатынбыз. Оны сол кездегі үлкен окымыстылардың өздері жыр етіп айтатын. Белгілі металлургия және жер-кең мамандары Қанекеңді бұл салалардан да білімі өте мол да терең деп санайтын. Президиум мәжілістерінде бұған талай рет куә болдық. Кейде Қанекең қорытынды жасағанда мамандардың баяндамасындағы қойылған өзекті мәселелерді шешу жолдарын мүлдем өзгертіп, өзінің логикасы, ғылыми дәлелінің күштілігімен басқа бағытқа аударып жіберетін кездері болып тұратын. Сонда Қанекеңнің сөзін ұйып тыңдап, оқымыстылардың өздері мәселенің бұл жағын неғып ескермегенбіз деп мойындап, дұрысы осы екен деп мақұл алатын.

Техникалық ғылымдар былай тұрсын, қоғамдық ғылымдарды, оның ішінде, әсіресе, қазақ әдебиеті мен фольклоры, тарих, экономика, қазақ тілі салаларында Қанекеңнің мағлұматы мол болатын, бағалы кеңестер беретін, өзіндік қосқан үлестері де жоқ емес еді. Осы пәндерге сүйсіне қарайтын, мол қамқорлығын көрсететін, осы салалардағы табысты ұлт мәдениетіне, совет елі мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп танитын. М. Әуезов, А. Жұбанов, С. Бәйішев, Ә. Марғұлан сияқты қоғамдық ғылымдар саласындағы көрнекті оқымыстыларды Қанекең қатты сыйлайтындығы, жоғары бағалайтындығы өне бойы сезілетін.

Академия құрамында право ғылымының алғашқы қадамының сәтті болуына, дамуына да Қанекең тікелей үлес қосты. Олай дейтінім, Қанекең СССР Жоғарғы советі сессиясына барған бір шағында, 40-шы жылдардың соңы болса керек, әдейілеп белгілі академиктерге жолығып, Қазақстанда право ғылымын қай бағыттарда дамыту керек деп кеңес сұрағанын, Москва университетінің атақты профессоры, заң ғылымдарының үлкен маманы С. В. Юшковпен де осы мәселелер жөнінде сөйлескенін Алматыға оралғаннан кейін ғылыми мәжілісте баян еткені орта буындағы көптеген юрист-ғалымдарға әйгілі. Қанекеңнің бұл бастамасы Қазақстанда право ғылымының дамуына зор әсер етті.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.