А.Жұбанов

ӨНЕР ҚАМҚОРЫ

Күні кеше алдымызда асқар таудай болып отырған ағамыз — Қанышекең туралы естелік жазамыз деген кімнің ойында бар. Қай уақытта барсаң да есігі ашық, бейілі кең, қырағы ойы үнемі алдағыны болжап отыратын, сенің барып отырған жұмысыңның шамасын байқап отыратын. «Анау олай депті, мынау бұлай депті» дейтін әңгімелерді иттің етінен жек көретін. Сондықтан Академия ішіндегі жұрт Қанышекеңнің басын ондай әңгімелермен ауыртпауға тырысатын. Қанышекеңнің барлық сыр-сипатын, тіпті сыртқы көрінісінің өзін, оның қашан көрсеңде жүзінен өміршеңдік кейіп көрініп тұратынын суреттеу үшін біз сияқтылардың шамасы жетпейді. Ол үшін кешегі Мұкаң сияқты әдебиеттің нары керек.

Отызыншы жылдардың басында-ақ біз Қанышекеңнің атын есіте бастадық. Бері келе оның Геология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғаны жалпы халықты аса қуантты. Жүзін көрмегенмен, оның үлкен білімпаз күшті инженер екендігін естіп жүрдік. Оның атының Жезқазғанмен байланысты екенін біз сияқты техникалық ғылымдардан алшақ жүрген адамдар да білетін. Қанышекеңнін, жүмыс нәтижелері социализм кұрып жатқан халыққа ұлы игілікті жарна екені де білінген. Кейде ол кісінің мақаласын оқып қалғанда, «әттең, өзін көрсек!» деген ой келе беретін.

Бейбіт өмір құрып, үлкен-кіші демей еңбекке, енерге, ғылымға жұмылып жатқанда, кенет өмірдің дауылы соқты. 1941 жылдың июнь айында Отан соғысы басталды. Ұлы Ленин партиясы тәрбиелеп, баулыған совет халқы, сол бейбіт күндердегі ауыз бірлікті, ынтымақты, еңбексүйгіштікті бұрынғыдан бірнеше есе арттырды. Майданда жауынгерлер гвардиясы, тылда еңбеккерлер армиясы күнтүн демей қанқүйлы жауды жеңуге бар күшін салды. Алматы алыста болғанымен, соғыстын, зардабы үнемі білініп тұрды. Совет халқы өндіріс, ауыл шаруашылығымен қатар ғылымын, мәдениетін, өнерін ілгері өрбіте берді. Театрлар, концерт орындары өздерінің ежелгі алдарына қойылған міндеттерін атқаруда болды. Киностудия өзінін. негізгі міндеті — фильмдер жасауды бір мезгіл де тоқтатқан жоқ. Мектептерде сабақ жүріп жатты. Ғылым мекемелерінде негізгі лабораториялық жабдықтаулар бұрынғыдай болмағанымен, іздену екпіні ешбір бәсеңдемеді. Тек бұрынғыдай қаланың көшелерінде машиналар зырылдап, сапырлысқан қозғалыстардың көрінбегені болмаса, жалпы еңбек, жұмыс тынысы, сырттай қараған кісіге, болып жатқан оқиғаның салқыны жоқтай болып көрінді.

Ұмытпасам, 1942 жылдың басында киностудияда бір мәжіліс болып, сонда бірінші рет Қанышекеңді көрдім. Ол кезде Қанышекең СССР Ғылым академиясының Алматыдағы филиалының председателі. Мәжілісте киноның, театр, музыка өнерінің үстіміздегі жағдайдағы міндеттері жайлы әңгіме болды. Бәріміз де білгенімізді айтып болғаннан кейін Қанышекең сөйледі. Ол өнердін, түрлі салаларьшың үстіміздегі уақытта қандай роль атқаратынын, мақсатын, халықты рухтан дырудағы оның орнын өте байсалды, ақылды түрде айтып берді. Отырғандардың бәрі де Қанышекеңнің аузына карап қалды.

Әсіресе, эвакуация арқылы орталық қалаларымыздан келген үлкен режиссерлар, актерлар Қанышекеннін әрбір сөзін жібермей, әрпін санағандай аңырысты. Ал, біздің өнер айналасындағы, әдетте кітапты көп оқып, көздерінің майын тауыса коймайтын замандастар, Қанышекеңнің бұл салада да аса көп білетінін, әдебиеттен де, өнерден де, айтатын үлкен сөздері бар екенін көріп таңтамашаға батты. Мен ішімнен: «Па, шіркін, келбетің мен ақылың, білімің сай келген екен! Жасай бер, қазақ халқының бақытына!» деумен отырдым. Тап осы бір сәтте ондай ой үстінде болмаған адам аз болар-ау!

Осы бір күннен бастап мен Қанышекеңнін, етегінен ұстауды, соның айналасында жүруді арман еттім. Өйткені адам алға қадам басқысы келсе, өзінен ақылды, өзінен білімді ортаға тырысу керек. Тез өз бойыңдағы барыңды беріп, өзіңнен аз білетін адамдардың мақтауын күнде есіткенмен, ондай «рухани көпшік» бәрі бір сені жоғары көтере алмайды. Ал Қанышекең сияқты адамның «етегіне жармасу»— үлкен талап, жаңа бір қадам сияқты болып көрінді де тұрды. Біздің бақытымызға Қанышекең филиалдың мәжілістеріне, конференцияларына сессияларына бізді шақырып тұрды. Құрманғазы атындағы оркестр арқылы мен сахнаға үнемі шығып тұратынмын. Ал сахнадағы адам залда отырғандардың бәрін көре бермейді, залдағылар керісінше, екі көздері сахнада болады. Сондықтан болу керек, Қанышекең танысқанымызда мені білетінін айтты. Ол өнердің адам өмірінде үлкен орны бар екенін айтып, біздің шүйдемізді біраз көтеріп тастаған. Мақтауды тәуір көретін өнер адамдары, үлкен кісінің аузынан ондай сөздер есіткенге тіпті көтеріліп қалдық. Бірақ Қанышекең мақтаумен бірге біздің өнеріміздің іс жүзінде өсіп бара жатқанын, сонымен қатар өнер зерттеу мәселелерінде біздің артта қалып қойғанымызды ескертіп етті. Бізге ұнаған осы бір ағалық қамқоршылығы, ғылымның қай саласы болса да өзінің төл ісіндей көретіні болды. Мәжілістерде, не басқа жағдайларда болсын, енді Қанышекеңмен кездесуді үнемі тілеп тұратын болдым. Қандай болмашы себептер кездессе де, сол кісінің тағы да бір ауыз сезін есту менің болашағымның жолы сияқты болып көріне берді.

Берілген бөлімдегі материалдар "ҚАНЫШ АҒА" Академик Қ.И.Сәтбаев туралы естеліктер кітабынан үзінді түрінде алынды.