«…Маусымның 10-на дейін Мәскеуден шыға алмаспын. Сөйтуге қызмет емес, жеке басымның шаруасы да мүмкіндік бермей отыр. Ауылдағы туыстарымның жағдайы тағы да қиындады… Соңғы хатымда жазған жайттарға әкемнің кенеттен қайтыс болғаны қосылыпты, оның үстіне тағы бір немере туысым тұтқындалған. Әкемді жан-тәніммен сүюші едім, қадір-құрметі де мен үшін өзгеше жан… Ол кісінің мынадай жағдайда дүниеден қайтуы мен үшін ауыр соққы.
Үйде қалған шиеттей бес баланың, ағамның әйелінің, әсіресе қартайған шешемнің халі не күйде екенін білмеймін, екі ай болды, хат жоқ (сірә, поштадан өткізбеген). Туған ағам қазір Павлодардың түрмесінде. Байғұстың жағдайын жеңілдету мақсатымен әр түрлі шаралар істеп жатырмын. Ағайға тағылған кінә – қисынсыз жала, ісінің тезірек қаралатынына шүбәм жоқ. Тегінде, бұл да біздің жабайы даланың ескі «дертінен» туған, басараздықтан өрбіген іс. Әділ Кеңес соты әлі-ақ соны ұйымдастырған шолақ белсенділердің қаскөй әрекетін әшкерелеп, төрелік айтады. Бірақ, соған дейін ағамның үй-іші қаншама қасірет шекпекші, әсіресе қоректік малды тәркіге беріп әрі әкейдің қазасын аза тұтып жылап отырған күндерде…»
«…Қызылордадағы шенеуніктер мені «Атбастрестегі» жұмысымнан шеттетуге келіскен сияқты. Жуық арада ресми бұйрық жібермек. Демек, енді мен Қазақстанға бара алмаймын. Биылғы қыс, бәлкім, Мәскеуде қала тұрамын. Жұмыс жөнінде қиналмаспын, мені жұмысқа алуға мүдделі кеңселер мұнда аз емес… Он шақты күннің ішінде бәрі де белгілі болады. Сол кезде толығырақ жазармын. Көңіл-күй осындай, уайым жеп түңілгеннен аманмын. Қысқасы, saulem, сен биыл мен үшін де, өзің үшін де демалуға тиіссің… – депті 20 маусымда Алтайға, шешесінің үйінде демалуға кеткен Т.К.-ға жолдаған хатында Қ.И.. – Мұндағы достар Мәскеуде мүлдем қалуға кеңес береді. Өзім де сол ойдамын…»
«Әзірше осындамын, Қазақстанға, ең болмағанда ауылыма баруға қиыла сұранып, рұқсат ала алмадым, – депті Қаныш Имантайұлы 13 шілдедегі хатында. – Қала шаңын жұтқан мезі де күйкі тірлікті қанағат етуге тиіспін. Тұрмыс күйтімде ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмыстың беталысы да бәймәлім. Ешкім ештеңе айтпайды, ең болмағанда бірдеме деп түсіндірсе екен. Ал трест жетекшілері менің кетуіме мүлдем қарсы.
Бұл да мен үшін рухани сүйеу. Шынында да, өз міндетіме мен адал болдым, аянған жоқпын… Геолкоммен сөйлестім: «… өзіңіз қалаған уақытта жұмысқа аламыз» деді. Ал профессор Котульский Қазақстанда биыл тұрақты ашылмақ Геолком бөлімшесін басқаруды ұсынды… Соның бәріне нақтылы жауап бермей, ойланып жүрмін… Трестен кетіретін болса, сірә, Геолкомды таңдармын… Таисия-жан, уақытша сәтсіздігіме қамықпа. Күзде басымыз қосылып, қайткен күнде бірге тұратын боламыз… Бүгін саған жеделхат жолдап, бір шиша насыбай жіберуді өтіндім.
Құрып қалғыр таусылып қалып, онсыз да жұқарып жүрген жүйкені құртып, мазамды ала берген соң, амалсыз сұрадым. Тәңір жарылқасын, жаным, ең құрығанда кеуіп жүрген таңдайымды жібітші. Ағамның жұмысында өзгеріс жоқ…»